Баспасөз релизі

МӘМС аясында халыққа медициналық көмек көрсету мерзімі 2020 жылға қалдырылды

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде медициналық көмек көрсету және жеке тұлғалар мен мемлекеттің жарна төлеу мерзімін 2018 жылдың 1 қаңтарынан 2020 жылдың 1 қаңтарына ауыстыру туралы заңнамалық өзгерістер қабылданды.

Сонымен қатар, МӘМС толықтай іске қосылғанға дейін, 2018 және 2019 жылдар ішінде  жұмыс берушілер Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына әрбір жұмыскердің жалақысынан 1,5% мөлшерінде, 2020 жылдан бастап  есептеу нысанынан 2% мөлшерінде жарна аударуды 2020 жылға дейін жалғастыра береді. Бұл норма  жеке кәсіпкерлер (ЖК) мен кәсіпорында жалдамалы жұмыскерлері бар шаруашылық қожалықтарына да қатысты.

Қабылданған түзетулерге сай, АҚС шарттар бойынша табыс табатын жеке тұлғалардың жарна мөлшерлемесі айтарлықтай азаяды. 2020 жылы 5%-дан 1%-ға  төмендейді, 2021 жылы 2% (есептеу нысанынан, яғни есептелген табысынан жарналар).

Мемлекет жеңілдік санатындағы азаматтар үшін 2020 жылдың қаңтар айынан бастап, мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган белгілеген өткен екі жылдың ағымдағы қаржы жылындағы экономикасы бойынша, орташа жалақының 4% мөлшерінде жарна төлей бастайды.

Жалдамалы жұмыскерлер МӘМС жүйесіне 2020 жылдан бастап, яғни жұмыс берушілер олардың табыстарынан 2020 жылы  1% және 2021 жылы  2% мөлшерлеме бойынша ұстап, жарна төлейтін кезден бастап, қатысады деп күтілуде.

Ауыспалы кезеңде, 2018 және 2019 жылдар ішінде АҚС шарттары бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалар, жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендер, өзін-өзі қамтушылар, МӘМС қатысушылары санаттарына жатпайтын басқа да тұлғалар МӘМС жүйесіне жарна төлеуден босатылады. Белгілі бір мәртебесі, ресми табыстары және айналысатын нақты саласы жоқ тұлғалар үшін 2020 жылдың қаңтар айынан бастап, бір ең төменгі жалақының  5% мөлшерінде өз бетінше ең төменгі жарна төлеу мүмкіндігі сақталады.

МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсету басталғанға дейінгі кезеңде тұрғындар ТМККК тізбесі бойынша медициналық көмек алады. Бірақ, Денсаулық сақтау министрлігі атап өткендей, МӘМС жүйесіне   халықтың ауырсынбай көшуін қамтамасыз ету  үшін, сақтандырылмаған азаматтар 2022 жылға дейін ең төменгі әлеуметтік кепілдік ретінде, ТМККК қысқартылған түрде ала алады. Ал МӘМС жүйесінде сақтандырылғандарға, керісінше, артықшылықтар бар, олар 2020 жылдан бастап кеңейтілген медициналық қызметтер пакетін алады, ӘМСҚ жиналған жарналары соларға жұмсалады.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қор ТМККК аясында көрсетілетін медициналық қызметтерге ақы төлейтін бірыңғай төлеуші ретінде іске кіріседі. Бұл медициналық қызметтерді жоспарлау, сатып алу, сапасын бақылау және ақы төлеу тетіктерін жан-жақты ойластырып, іске қосуға, сондай-ақ төлемдік ақпараттық жүйелер мен жаңа тарифтік саясат енгізу жұмыстарын реттеуге мүмкіндік береді.  Аталған шаралар Қордың 2020 жылдың 1 қаңтарынан МӘМС жағдайында жұмыс істеуге толық дайындығын қамтамасыз етеді.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы  2017 жылдың 4 қыркүйегінде Парламент палаталарының бірлескен отырысында денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың дәлелденген  прогрессивті жүйесі ретінде, медициналық сақтандыруды енгізу қажеттілігін айта келе, ҚР Үкіметіне МӘМС жүйесіне барлық санаттағы азаматтардың тең құқықта қатысуын қамтамасыз етуді,  медициналық көмекке қолжетімділік және «өзін-өзі қамтамасыз ету» санатындағылардың мәселелерімен айналысуды  тапсырды. Ресми мәліметтер бойынша, бүгінде Қазақстанда 2,7 миллион шамасында бейресми қамтылған азаматтар бар екен, олардан салық және әлеуметтік төлемдер түспейді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2018-2019 жылдар ішінде азаматтардың барлық санаттарын анықтап, «цифрландырып», бірыңғай дерек қорына енгізу, нәтижесіз өзін-өзі қамтамасыз етуші тұрғындарды есепке алып, оларды еліміз экономикасына, сәйкесінше МӘМС жүйесіне тарту жұмыстары жүргізіледі.

Тұрғындардың медициналық көмекке деген қажеттілігі өсіп жатқан жағдайда әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу денсаулық сақтау саласын дамытуға қосымша ресурстар тартуға, бюджет шығындарын азайтуға, сондай-ақ қаржы тәуекелдерін сақтандыру тетіктері арқылы тұрғындардың сырқат түріне қарай жеке төлем жасауын азайтуға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.


Жарияланды: 06.10.201814:34

Автор: